Астанадағы бас бостандығынан айыру орнында отырған азаматтардың өз денелеріне зақым келтіру әрекеттері бойынша арнайы ведомствоаралық комиссия құрылды
АСТАНА. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астанадағы бас бостандығынан айыру орнында отырған азаматтардың өз денелеріне зақым келтіру әрекеттері бойынша арнайы ведомствоаралық комиссия құрылды.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, аталмыш комиссияны Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары басқарады. Комиссия құрамында құқық қорғау органдарының және прокуратураның өкілдері бар. Олардың жұмысын Бас прокуратурадағы арнайы орган өкілдері бақылайтын болады. «Егер комиссия өз жұмысының алғашқы қорытындылары жөніндегі мәліметтерін дайындайтын болса, біз онымен міндетті түрде көпшілікті хабардар етеміз. Ал әзірге бұл оқиға туралы ешқандай мәлімет жоқ», деді ресми өкіл.