Астанадағы бокс кеші: Қарсыластан қаймығатын мен емес – Жәнібек Әлімханұлы
- Жәнібек, ертең кешкісін айқас болады. Қобалжу бар ма?
- Айтарлықтай қатты бір алаңдап, қобалжып жүргенім жоқ. Халық алдында рингке шықпағалы көп болды. Рингті сағынып қалған сияқтымын.
- Ертеңгі айқасқа тас-түйін дайынмын дейсің ғой?!
- Осы жекпе-жекке дайындалып, жаттығу жасағаныма біраз болды. Қазір нағыз бабымдамын. Қарсыласымнан қаймығайын деп тұрғаным жоқ.
- Қарсыласыңмен бұрын-соңды кездестіңіздер ма?
- Жоқ, бұрын мүлде танымайтынмын. Жүзін Астанаға келгенде ғана көрдім. Алайда, бразилиялық Кармелито де Жезуспен жұдырықтасатыным белгілі болғанда, оның кім екенін интернет желісінен білдім. Маған дейін өткізген барлық айқастарын жақсылап көріп шықтым.
- Ертең кәсіби рингтегі екінші айқасың болады. Ал қарсыласың осыған дейін 23 кездесу өткізіп тастапты, оның 15-ін нокаутпен аяқтаған. Тәжірибесі жағынан басымырақ деп ойламайсың ба?
- Оны ертеңгі шаршы алаң көрсетеді. Меннен бірнеше көйлек бұрын тоздырғанынан қорқып, сасатын мен емес. Кез келген қарсыласқа дайынмын.
- Осы бокс кешінде сәтті өнер көрсетіп жатсаң, кәсіпқой бокстағы мансабыңды жалғастырасың ба?
- Жоқ, Алла қаласа, биылғы ел біріншілігіне қатысып, Ұлттық құрамадағы орнымды сақтап қалғым келеді. Әуесқой бокста жүріп те, кәсіпқой боксқа із салуға болады ғой. Мен үшін бұл жекпе-жектер тәжірибе болмақ. Негізі, бокстағы жолымды бір өзім ғана шешпеймін. Кеңес беретін ағаларым бар. Оларға да құлақ асуым керек.
- Әңгімеңізге рахмет! Біз де саған жеңіс тілейміз. Сәттілік болсын!