Астанадағы бокс кеші: Нұрсұлтан Жаңабаевтың қарсыласы анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірінші орта салмақта WBA China чемпиондық белбеуінің иегері Нұрсұлтан Жаңабаевтың 9 қыркүйек күні елорда төрінде өтетін бокс кешіндегі қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Отандасымыз 37 жастағы бразилиялық Алекс Сандро Дуартэмен жұдырықтасатын болды. Алекс Сандро Дуартэ кәсіпқой бокста 15 кездесу өткізіп, оның 13-інде жеңіске жетсе, бір кездесуде жеңіліп, біреуінде тең түскен.
Ал Нұрсұлтан Жаңабаев кәсіпқой бокста екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткен болатын. Ол алғашқы айқасын 2016 жылы Қытайда бастады. Ал соңғы кездесуінде WBA China атағын жеңіп алды. Қазір Жаңабаев Қанат Исламмен бірге Астанада жекпе-жекке қызу дайындық үстінде.
Еске сала кетейік, "ЭКСПО" халықаралық көрмесі аясында 9 қыркүйек күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде бокс кеші өтіп, онда Қанат Ислам (24-0,19 КО) канадалық Брэндон Кукпен (18-0, 11КО) жұдырықтасады. Боксшылар бірінші орта салмақтағы IBF титулына үміткерлікке таласады. Осы жекпе-жектің андеркартында қазақстандық 8 боксшы өнер көрсетеді. Олар - Жанқош Тұраров (21-0, 15КО), Жәнібек Әлімханұлы (1-0, 1КО), Мейірім Нұрсұлтанов (3-0,2КО), Руслан Мырсатаев (3-0, 3КО), Әли Ахмедов (7-0,5КО), Айдос Ербосынұлы (6-0, 6КО), Димаш Ниязов (11-0-3, 5КО) және Нұрсұлтан Жаңабаев.