Астанадағы бомбапанада болған өртті сөндіру кезінде қаза тапқан өрт сөндірушілердің отбасына пәтерлер беріледі - И. Тасмағамбетов
Бұл туралы бүгін журналистерге қаладағы құрылыс нысандарын аралау кезінде Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елорда әкімдігі бомбапананы сөндіру кезінде қаза тапқан үш өрт сөндірушінің туған-туыстарына 1 млн. теңге материалдық қолдау көрсетуге шешім шығарды. Оның үстіне осы уақытқа дейін пәтер жалдап келген Руслан Кәкішевтің отбасына - 3 бөлмелі, Саят Әбеевтің туған-туыстарына 2 бөлмелі пәтер беріледі.
Айта кетейік, ақпанның 17-сі күні Астанадағы Ықылас Дүкенұлы атындағы көшедегі технопарктің аумағында орналасқан бомбапананың ішінде өрт шыққан болатын. Өртті сөндіру кезінде үш адам қаза тапты. Олар - Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник В. Зайцев, департаменттің алтыншы өрт сөндіру бөлімінің бастығы Р. Кәкішев, арнайы өрт сөндіру бөлімі қызметі бастығының орынбасары С. Әбеев.