Астанадағы бомбапанада болған өрттің шығу себебін тиісті комиссия анықтайтын болады - В. Божко

АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Астана қаласындағы бомбапанада болған өрттің шығу себебін арнайы құрылған комиссия анықтайтын болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін журналистерге Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко айтты,

Астанадағы бомбапанада болған өрттің шығу себебін тиісті комиссия анықтайтын болады - В. Божко

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өрттің шығу себебі тексеру барысында анықталады. Қылмыстық іс қозғалатын болады. Мен бұйрығыммен тиісті комиссияны бекіттім. Істің байыбына комиссия баратын болады», деді В. Божко.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта бомбапанадағы өрт ауыздықталып қана қоймай, толығымен сөндірілді. «Өртті сөндіру кезінде барлық шаралар атқарылды. Біз Қарағандыдан жабық жерлердегі ауаны сорып алатын құрылғыны алып келдік. Ол құрылғы жабық жердегі кислородты сорып алып, өрт үдерісін басу үшін қолданылады. Ол құрылғы кеше күні бойы жұмыс істеді және өзінің рөлін атқара алды. Біз бүгін таңертең бомбапананың ішіне кіруге мүмкіндік алдық. Онда қаза тапқан адамдарды тауып, олардың денесін сыртқа шығардық», деді В. Божко.

Министр өртті сөндіру кезінде үш адамның қаза тапқанын айта келе: «Өртті сөндіру қиын болған жағдайда, біздің жүйеге сәйкес, командирлер алдыңғы шепте жүреді, жеке құрамды тәуекелге итермелемейді, жауапкершілікті өздерінің мойнына алады. Адамдардың қаза тапқаны өкінішті. Олар кәсіби деңгейі жоғары, өте жауапкершілікті адамдар болатын. Олар өмір бойы өрт сөндіру қызметінде жұмыс жасағандар», деді.

Оның айтуынша, өрт шыққан бомбапана Астана қаласының мүлкі болып табылады. Онда халықты қорғауға арналған мүліктер айтарлықтай көп көлемде сақталған.