Астанадағы «Бұрқасын-2015» шаңғы мерекесіне 3 мыңнан астам елордалық қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Есіл өзені бойындағы қалалық саябақта жылдың басты шаңғы мерекесі «Бұрқасын-2015» өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Астанадағы «Бұрқасын-2015» шаңғы мерекесіне 3 мыңнан астам елордалық қатысты

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына және ҚР Конституциясының 20 жылдығына орайластырылған жарыс Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасымен ұйымдастырылды. Іс-шараға 3000-нан астам елордалық қатысты. Соның ішінде мектеп оқушылары, студенттер, оқу орындарының ұстаздары, Қазақстан Республикасының министрліктері мен ведомстволарының және елордадағы мемлекеттік құрылымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, қоғам өкілдері, сондай-ақ қала қонақтары болды. «Бұл Астана үшін өте маңызды күн. Осы қала әкімдігі мен Спорт және дене шынықтыру басқармасының ұйымдастыруымен шаңғы тебу ұйымдастырылды. Өте тамаша. Жарысқа үш мыңға жуық адам қатысты. Өзім де қатыстым. Зейнеткерлер де, жастар да бар екен», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов. «Бұрқасын-2015» - бұл отбасылық және корпоративтік демалыс түрлерінің бірі. Дәстүрге айналған бұқаралық спорт мерекесі биыл 13-ші рет өткізілді. Астана қаласы Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаевтың айтуынша, қатысушылар шаңғы фестивалінде жақсы өнер көрсетті. Жарыс бағдарламасына ерлер, әйелдер, жігіттер, қыздар, балалар, зейнеткерлер және мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы жарыстар енген. Дәстүрлі шаңғы жарысының жеңімпаздары естелік жүлделер мен сыйлықтарға ие болды.