11:48, 17 Қазан 2012 | GMT +5
Астанадағы «Цеснабанкке» жарылғыш заттың қойылғандығы туралы жалған хабардың авторы 14 жастағы жеткіншек болып шықты
АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - Астана қалалық ІІД-не ағымдағы жылдың 16 қазанында сағат 13:22-де «Цеснабанктің» ғимаратына жарылғыш заттың қойылғандығы туралы ақпарат келіп түсті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Оқиға орнына көп ұзамай Астана қалалық ІІД-нің тергеу-жедел тобы, ҰҚКД, прокуратура өкілдері, ІІД-нің «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің қызметкерлері келіп жетті. 300 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Жарылғыш зат туралы хабарламаны тексеру барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері ғимараттың бөлмелерін қарап шықты. Нәтижесінде қауіпті зат анықталған жоқ.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында екі сағаттың ішінде телефон арқылы жалған хабарламаны таратқан тұлға анықталды. Өскеменнің 1998 жылғы тумасы өз кінәсін мойындады.
Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.