Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанадағы дәмханалардың бірі Мексикадан мұздатылған кенгуру етін алып келген

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау одағы сапасыз тауарлар мен мерзімі өтіп кеткен азық-түліктердің дендеп кетуіне алаңдаулы.

Астанадағы дәмханалардың бірі Мексикадан мұздатылған кенгуру етін алып келген

«Біздің жүргізілген зерттеуіміздің нәтижесінде анықталғаны, елордадағы тауар сатушылардың 80 пайызында сертификаттары жоқ болып шықты. Бұл біздің статистика, сауалнама кезінде көптеген кәсіпкерлер тіпті сертификат, декларация не екендігін де білмейді. Елестетіп көріңіздер, біз олардан киім-кешек, аяқ киім, автокөлік жабдықтарын сатып алып жатырмыз», - дейді бүгін Астана әкімдігінде өткен дөңгелек үстел барысында «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау одағы төрағасының орынбасары Тұрсын Жақпарова.

Оның айтуынша, аталмыш ахуалды бей-берекет құрылған базарлар одан әрі ушықтырып отыр. Базарларда «көлеңкелі» сауда-саттық өте көп. Контрабандалық және контрафактілік өнімдердің мол көлемі сол жерлерде өткізіледі. Қызмет көрсету сапасы да төмен.

«Мораторийді пайдаланып, үлкен бассыздыққа жол беріп жатқандар да табылып жатыр. Сіздер білесіздер ме, Астанадағы кафелердің бірі Мексикадан мұздатылған кенгуру етін алып келген. Енді соны жартылай фабрикаттарды жасауға пайдалануда. Көптеген ірі сауда орталықтарынан одан да сорақы оқиғалар тіркеліп жатыр. Көгеріп кеткен, мерзімі қайта басылған тамақ тауарлары жетерлік. Осындай қара ниетпен пайда тапқысы келетін кәсіпкерлерге қатысты шараларды күшейту қажет», - дейді Т.Жақпарова.

Бүгінде Астанада 3547 сауда-саттық және қызмет көрсету нысаны бар. Соның ішінде 25 базар бар және тіркелмеген кәсіпкерлер жаппай сауда жасап жатыр. Сонымен қатар 705 тауар Ресей, Беларусь, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Бразилия және өзге де алыс шет мемлекеттерден әкелінеді. «Әділет» мамандарының хабарлауынша, көп жағдайда олардың сапасы төмен.