Астанадағы дәмханаларға «салық» салмақ болған елорда мен Павлодар қаласының тұрғындарынан құрылған қылмыстық топ құрықталды

АСТАНА. Қарашаның 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция комитетіне қарасты Ұйымдасқан қылмыспен күрес орталығының қызметкерлері Астана мен Павлодар қалаларының тұрғындарынан құрылған қылмыстық топ ұйымдастырған азаматты ұстады.
None
None

Ол ұйымдастырған қылмыстық топ өкілдері 1990 жылдардағыдай дәмханаларға «салық» салмақ болған. Бұл оқиға жөнінде бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, қазіргі таңда қолға түскен баукеспенің сыбайластары анықталуда. Сонымен қатар оның Павлодар өңірінде жасалған қылмыстарға қатыстылығы да тексерілуде. «Қылмыстық топ өкілдерінің әрекеттері жөніндегі алғашқы ақпарат ұйымдасқан қылмыспен күрес орталығына келіп түскен. Оған сәйкес, шілденің 12-сі күні елордадағы Абай көшесінің бойында орналасқан дәмханалардың біріне қымбат шетел көлігіне мінген 8 азамат келіп, оның иесіне өздерінің «қамқорлық» жасағысы келетіндіктерін, ол үшін қылмыстық топ өкілдеріне ақша төлеп тұру қажеттігін айтқан. Дәмхана иесі олардың қамқорлығын қажет етпейтіндігін білдірген соң ұйымдасқан топ өкілдері оған қоқан-лоқы көрсеткен. Осы оқиғадан кейін, яғни шілденің 13-і күні белгісіз біреулер аталмыш дәмхананың қызметкерлеріне қарақшылық шабуыл жасап, оларды түрлі қарулардың көмегімен соққыға жыққан. Келген шығын 8 мың АҚШ долларын құрады. Бұл әрекет бойынша қылмыстық іс қозғалды», деді департамент бастығы.

Осы қылмысты іздестіру барысында тәртіп сақшылары Астана қаласының 36 жасар тұрғынын ұстаған. Ол қаладағы қауіпсіздік фирмаларының бірінің құрылтайшысы болып шықты және оның Павлодар қаласындағы қылмыстық топтардың бірімен байланысы бар екендігі анықталды.

Соңғы жаңалықтар