Астанадағы Денсаулық фестивалі Жерұйық саябағында өтеді
АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алдағы сенбі, қыркүйектің 7-сі күні басталатын «Денсаулық фестивалі» республикалық акциясы Астанадағы Жерұйық саябағында өтеді. Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Марат Құрманов мәлім етті.
Оның хабарлауынша, ол жерде ең алдымен жаппай жүгіру жарысы өтеді. Оған шамамен 4 мың адам қатысады. «Таңғы сағат 10:00-де Жерұйық саябағында мерекелік шаралар басталады. Оның аясында денсаулық қалашықтары жұмыс істейді. Қала тұрғындары сол жерге барып, денсаулықтарын тексере алады. Бұның барлығы тегін өткізіледі», - деп атап көрсетті М.Құрманов.
Айта кетейік, биылғы Денсаулық фестивалінің ұраны - «Денсаулығым керемет - жаттығуға көп рахмет!». Оның аясында республика бойынша сан алуан көрмелер, викториналар және байқаулар өтеді. Сондай-ақ сұлулық пен денсаулыққа арналған тауарлар, спорт әдебиеттері мен дұрыс тамақтану өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылмақ. Аталған фестиваль 1999 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.