Астанадағы донер орталықтарының бірінде өрт шығып, аспаз зардап шекті - ТЖД

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы донер орталықтарының бірінде өрт шығып, аспаз зардап шекті, деп хабарлады ТЖ бойынша астаналық департаменттің баспасөз қызметі.

Астанадағы донер орталықтарының бірінде өрт шығып, аспаз зардап шекті - ТЖД

«15 шілде күні, 12:39-да «101» пультіне Бөгенбай батыр көшесі, 44 мекенжайындағы өрт туралы хабарлама түскен. Өрт орнына бірінші өрт бөлімшесінің келуімен, газ баллонынан өрт туындағаны белгілі болды. «Дархан» дәмханасы жанындағы донер дайындайтын орталық өртенген», - делінген хабарламада.

Құтқарушылардың мәліметінше, өрт аумағы 10 шаршы метрді шарпыған. Беті мен қолын күйік шалған (15% күйік) 1994 жылы туған аспаз ауруханаға жеткізілді. 12:54-те өрт сөндірілді. Өртті сөндіруге 7 дана техника және жеке құрамнан 23 адам жұмылдырылды.

Астананың ТЖД тұрғындарға өрт қауіпсіздігін сақтау және өмір мен денсаулыққа қауіп төндірмеу туралы кеңес береді.