Астанадағы экшн-фильмдер фестивалінде қазақ әншісі Зивара ханымның өнері американдық және еуропалық майталмандарды қызықтырды

АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - Кеше Астанада  белгілі режиссер  Тимур Бекмамбетовтың ұйымдастыруымен  «Астана 2012» экшн-фильмдері фестивалінің салтанатты ашылуы болды.  

Астанадағы экшн-фильмдер фестивалінде қазақ әншісі Зивара ханымның өнері американдық және еуропалық майталмандарды қызықтырды

Елорда күніне арналған фестивальге Америка құрлығынан белді режиссерлер, продюсерлер, сценарийшілер, өнер адамдары ағылып келді. Салтанатқа өзіміздің қазақ өнерінің өкілдері Асанәлі Әшімов, Рашид Нұғманов, Ақан Сатаев, Венера Нығматулина, Зивара, Батырхан Шүкенов, Әсел Сағатовалар қатысты. Фестивальге қатысушылар жиналған өнерсүйер қауымның қошеметтеуімен  Астананың төрінде орналасқан Бейбітшілік пен келісім сарайының алдында төселген қызыл кілем үстімен жүріп өтті.

Бұдан кейін  Үлкен залда көрермендерге Тимур Бекмамбетовтың   жаңа үлгідегі  3D форматында түсірілген «Президент Линкольн: Қансорғыштарды аулаушы»  атты  фильмі ұсынылды.

Фестивальда  керемет ерекше дауысты қазақ әншісі Зивара ханым ақын және композитор Аманбек Ақаевтың «Астана» әнімен өнер сүйерқауымды бір серпілтіп тастады. Бүгінде қазақтың ару қызы Зивараның өнері   Еуропа мен  Американың өнер майталмандарын қызықтырып отыр.

Биылғы фестиваль көптеген жас кинематографистерге қолдау көрсетуімен ерекшеленіп отыр. Астанаға Азияның, Бейжің киноакадемиясының, Корея киноөнері академиясы мен Киото институты кино мектептерінің өкілдері қатысуда. Олардың арасында қазақстандық жас кинематографистер де бар. Үш күн бойы олар шеберлік сабақтарына қатысып, Астананың сұлу келбетімен танысатын болады. Т.Бекмамбетовтің айтуынша, бұл күндері Астана азиялық кинематографтың орталығына айналмақ.