Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде «Елдік дәрістер» іс-шарасы басталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған іс-шара аясында белгілі ғалым-профессорлар - Намазалы Омашев, Ғаділбек Шалахметов, Жабайхан Әбділдин, Қойшығара Салғараұлы, Ақселеу Сейдімбек, Рымғали Нұрғали, Кардиф және Техас университетінің оқытушылары бір айы бойы I-ші курс студенттеріне дәрістер оқиды. Ел мен жер, мемлекеттік мүдде және азаматтық жауапкершілік, Қазақстанның сыртқы саясаты, Алаш қозғалысы идеясы, этнология және елтану мәселелеріне арналған дәрістер әрбір дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері оқылады.
Бүгін «Елдік дәрістер» іс-шарасы университет ректоры Бақытжан Әбдірайымның «Әлем және Қазақстан: Еуразиялық жобаға - 15 жыл» тақырыбындағы дәрісінен басталды. Дәл қазір белгілі ғалым-этнограф Ақселеу Сейдімбек «Этнология және елтану жүйесі» тақырыбындағы өз дәрісін оқуда. Осыдан кейін профессор Жабайхан Әбділдиннің «Философия ғылым және өркениеттің биік нысанасы» атты дәрісі тыңдалады.
Айта кетейік, Еуразия ұлттық университетінің I-ші курс студенттеріне арналған «Елдік дәрістер» іс-шарасы аталмыш жоғары оқу орнының ең үлкен - 1000 орынға есептелген мәжіліс залында өтуде.
Университеттің оқу-әдістемелік жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлының айтуынша, іс-шараның басты мақсаты - Еуразия ұлттық университетінде білім алып жүрген студент-жастардың әлеуетін көтеріп, бірінші курсқа түскен талапкерлердің білім-ғылымға деген қызығушылықтарын арттыру.