Астанадағы форумда машина жасау саласының проблемалары мен перспективалары талқыланады - М. Пішембаев
«Биылғы форумның тақырыбы «Жаңа экономикалық жағдайлар аясындағы машина жасау саласының проблемалары мен перспективалары» болып айқындалып отыр. Яғни, Қазақстанның ДСҰ-ға енуі, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына өтуі барысында отандық машина жасау саласына қалай әсер ететіні, сонымен қатар, саланың алдындағы жаңа қатерлер мен мүмкіндіктер жайы талқыланады. Форум алаңында машина жасау саласының мәселелерін қамтыған жеті секция жұмыс істейді», - дейді одақ басшысы. Оның айтуынша, шараға отандық 450-500 ұйымнан өкілдер, сонымен қатар әлемнің отыз елінен екі жүзге тарта делегаттар келетіні күтіледі. Форум аясында шетелдік ұйымдармен нақты мәселелер талқыланып, инвесторлармен бірлескен кәсіпорындар құру жайлары сөз болмақ.
«Соның ішінде интеграциялық бірлестіктерге өту нәтижесінде өткізу нарығының кеңеюіне орай, Қазақстанда ашылатын мүмкіндіктерге баса назар аударылады. Бұл ретте отандық бизнес үшін мұндай мүмкіндіктердің мәселесі туралы әңгіме өрбімек. Яғни, машина жасау саласындағы қазақстандық өндірістік өнімді арттыру, оның сапасын жақсарту жайына жіті көңіл бөлмекшіміз. Айта кетерлігі, біз үшін нөмірі бірінші міндет - егер Қазақстан енуді көздейтін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бес мемлекеті біздің елімізге тікелей кіре алатын болса, ДСҰ-ға өткеннен соң еліміз үшін бәсекелестік еселеп артады. Олай болса, бізге де отандық машина жасау саласындағы өнімнің бәсекелестігін көтеру бірінші кезектегі басымдық болмақ. Біз осы арқылы өнімді ішкі нарықта ғана сату емес, экспортқа бағдарлау мүмкіндігін иеленуге тиіспіз», - деді М. Пішембаев.