Астанадағы халықаралық олимпиадада 88 елдің оқушыларының білім бәсекесі басталды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада физика пәнінен оқушылардың 45-ші халықаралық олимпиадасы (IPHO-2014) өз жұмысын бастады.
21 шілдеге дейін жалғасатын бұл білім сайсы елордадағы Назарбаев Университеті базасында өтеді. Атап айтқанда, физикадан Астанада өтетін халықаралық олимпиада қатысушы елдердің рекордтық санын жинады. Осы білім додасына Қазақстанға әлемнің 88 елінен 700 қатысушы келді.
«Халықаралық олимпиаданың Қазақстанда өткізілуі - бұл ғылым мен білімнің дамуының негізгі белгісі. ХХІ ғасыр - талантты, жігерлі және өз армандарын жүзеге асыра білетін жастардың заманы. Елімізде жас таланттарды дамытуға ерекше назар аударылуда, яғни барлық бағыттарда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде Қазақстанның зияткерлік дамуының базалық векторларын онжылдықтарға айқындайды», - деді олимпиаданың салтанатты ашылуы рәсімінде ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.
Олимпиадаға ұлттық физика олимпиадалары жеңімпаздары арасынан мектеп түлектері мен мектеп бітіру алдындағы сыныптардың оқушылары қатысады.
Қазақстан намысын халықаралық олимпиадада мектеп оқушыларының Жәутіков халықаралық олимпиадасының алтын медаль иегері, физикадан Азия олимпиадасының күміс жүлдегері, физикадан халықаралық олимпиада күміс медалі мен республикалық пәндік олимпиададағы алтын медаль иегері Әмір Бірәлин, халықаралық Жәутіков олимпиадасы күміс медалінің, республикалық пән олимпиадасының алтын медалінің иегері Иса Данат, республикалық пән олимпиадасы алтын медалінің және физикадан халықаралық олимпиаданың қола медалының иегері Нұрбек Дінмұхаммед, «Туймаада» мектеп оқушылары халықаралық олимпиадасы қола медалінің, халықаралық Жәутіков олимпиадасы күміс медалінің, физикадан Азия олимпиадасы құрмет грамотасының және Республикалық пән олимпиадасы алтын медалінің иегері Тұрсынбек Нұрислам, жасөспірімдер арасындағы жаратылыстану-ғылымдары олимпиадасы мен халықаралық Жәутіков олимпиадасы күміс медалінің, республикалық пән олимпиадасы алтын медалінің иегері Дәулет Құрмантаев қорғайды.