Астанадағы халықаралық скрипкашылар байқауының жеңімпазы 7 мың доллар алады

   АСТАНА. 15 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және Қазақ Ұлттық өнер университетінің ұйымдастыруымен Астана қаласында IV халықаралық скрипкашылар байқауы басталды.
None
None

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Музыка өнері басқармасының бастығы Нұрболат Ахметжановтың айтуынша, байқауға Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Жапония елдерінен барлығы 20-ға тарта скрипкашы қатысуда. Байқау бағдарламасы бойынша өнерпаздар И.С.Бах, Н.Паганини, И.Брамс, П.Чайковский, Д.Шостакович сынды ұлы композиторлардың шығармаларын орындайды. Гран-при иегері арнайы жеңімпаз дипломымен қатар, 7 мың АҚШ долларына ие болады. Бірінші орынға қол жеткізгені 5 мың, екінші орын - 3,5 мың, үшінші орын - 2,5 мың АҚШ долларын алады.  

Қазақ Ұлттық өнер университетінің Орган залында басталған шара, 19 қазан күні сағат 17.00-де байқау жеңімпаздарының салтанатты гала-концертімен аяқталады.

Қазылар алқасы құрамына белгілі және атақты скрипкашылар - Қазақстанның халық әртісі, профессор Айман Мұсақожаева, сонымен қатар Эдуард Грач (Ресей), Сергей Кравченко (Ресей), Александр Винницкий (Финляндия), Анатолий Баженовтар (Украина) енді.

IV Халықаралық скрипкашылар байқауының басты мақсаты - классикалық музыканы дәріптеу, скрипка өнерін насихаттау, қазақстандық жас талантты скрипкашыларды жоғары деңгейге көтеру және Қазақстанның мәдени абыройын арттыру болмақ.

Соңғы жаңалықтар