Астанадағы І. Есенберлиннің 100 жылдығына арналған көрмеде жазушының сирек кездесетін бейнежазбалары таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатында Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу іс-шаралары аясында ұлы жазушы, қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына арналған "Рухы биік нар тұлға" атты құжаттық көрме ашылды.

Астанадағы І. Есенберлиннің 100 жылдығына арналған көрмеде жазушының сирек кездесетін бейнежазбалары таныстырылды

Көрмеге Атбасар қаласындағы І. Есенберлин атындағы әдеби мұражайдан жазушының жұмыс жасаған үстелі, қойын кітапшасы, телефон анықтамалығы, сүйікті домбырасы мен отбасы фотосуреттері, жазу машинкасы және басқа да заттары әкелінді. Сонымен қатар, ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты көрмеге Қазақстан жазушылар одағы, Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясы және І. Есенберлиннің жеке қорынан алынған құжаттарды ұсынды.

Ал ҚР Кинофотоқұжаттар және дыбысжазбалар Орталық мемлекеттік мұрағаты жазушының "Айқас" романы (1968 жыл) үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты тапсыру сәтіндегі бейнежазбасын, І. Есенберлинмен сұхбат бейнежазбасын, жазушының өз даусы жазылған фоножазбаны да ұсынып отыр.

Шараға мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшылары мен өкілдері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, жазушының туған-туысқандары қатысты.