Астанадағы Қабанбай батыр даңғылын кеңейтуге 92 млрд теңге жұмсалмақ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Қабанбай батыр даңғылындағы рекснтрукция жобасына бөлінетін қаражаттың сомасы өзгерген жоқ. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі бұл мәліметті растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Техникалық-экономикалық негіздеме бойынша жобаның құны бұрынғыдай – 92 миллиард теңге. Ақша Қазақстанның мемлекеттік кепілдігімен «Эксим банктен» тартылады. Жобаны биыл жазда, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына қарай бастау жоспарланған. Техникалық-экономикалық негіздеме бойынша іске асуына екі жарым жылдан астам уақыт немесе 33 ай кетеді», - делінген компанияның баспасөз қызметі берген ақпаратта.
Компанияның мәліметіне сүйенсек, Қабанбай батыр даңғылын реконструкциялау жобасының LRT аталып кеткен жеңіл рельсті аспалы теміржолдың құрылысына еш қатысы жоқ.
«Жеңіл рельсті аспалы теміржол құрылысы Қабанбай батыр даңғылын реконструкциялаужобасына кірмейді. Яғни, соған арнап тұрғызылған бағандар астындағы кеңістіктің реконструкциялау жобасына қатысы жоқ», - деп мәлім етті «ҚазАвтоЖол».