Астанадағы карантиндік жағдай тамыздың 3-інде алып тасталынады - Ж.Досқалиев
АСТАНА. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Астанадағы А /H1 N1 вирусының таралуына байланысты жарияланған карантиндік жағдай тамыздың 3-інде алып тасталынады.
Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның деректеріне қарағанда, осы уақытқа дейін республика бойынша аталған вирусқа шалдыққан 14 адам тіркелген. Олардың 8-і карантиннен толығымен шығарылды. Ағымдағы аптаның аяғына дейін тағы 5 сырқатты ауруханадан шығару жоспарланып отыр. Ал Алматыда алғашқы сырқаттың тіркелуіне байланысты ем -домға тағы 7 күндей уақыт кетпек. «Сондықтан тамыздың 3-інен бастап Астанадағы карантиндік жағдай толығымен алып тасталынады. Осы кезде елорда тұрғындары масканы шеше алады. Ал Алматыдағы оның мерзімі тағы 7 күнге созылады», - дейді Ж.Досқалиев.