Астанадағы Қарттар үйінде «Ардагерлерді ардақтайық» шарасы аясында майдангерлерге құрмет көрсетілді

Сонымен қатар мекеме аумағында орналасқан «Ардагер» аллеясында майдангерлердің есімдерімен аталған жас көшеттер отырғызылды.
Шара жыл сайын «Нұр Отан» партиясының елордалық филиалының ұжымымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Филиал төрағасының орынбасары Мұхтар Еркетаевтың айтуынша, биыл партия өкілдері 4-7 мамыр аралығында «Ардагерлерді ардақтайық» акциясының аясында Астанадағы 458 соғыс ардагері мен тыл еңбеккерінің үйлерінде болып, оларға үлкен қамқорлық көрсетті.
«Өкінішке орай, табиғат заңдылығы сол, бүгінгі таңда тарихтағы ең зұлмат соғыста болған жандардың қатары сейілуде. Қазіргі күні елде 11 936 ҰОС-ның ардагері қалған. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты бірінші кезекте біздің еліміздегі әрбір адамның, мемлекетіміздің әрбір азаматының мейлінше ауқатты болуына бағытталған»,-дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Ахметов.
Оның атап көрсеткеніндей, биыл республика бюджетінен халықты әлеуметтік қамсыздандыруға 1 трлн. 135 млрд. теңге бөлу қарастырылып отыр.
Шара барысында Ұлы Жеңістің 66 жылдығына арналған «Ардагерлерге кәдесый» атты 2-қалалық қолөнер байқауына қатысқан елорданың мектеп жасындағы жеткіншектер өздерінің бұйымдарын қарт майдангерлерге тарту етті.