Астанадағы қайырымдылық веложорығына 1,5 мыңнан астам адам қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада елорда күнін мерекелеу аясында «Қайсар керуен» атты қайырымдылық веложарысы өтті. Бұл спорттық шараға қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов және қала тұрғындары қатысты. Бұл туралы қала әкімдігі аппаратының баспасөз қызметінен хабарланды.

Астанадағы қайырымдылық веложорығына 1,5 мыңнан астам адам қатысты

Жалпы қашықтығы 4,6 шақырымға созылған веложорық сағат 10:00-де «Салтанат Сарайынан» басталып, оның мәресі «Сарыарқа» велотрегі алаңында аяқталды. Веложарыстың барлық бағдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін алғашқы медициналық көмек көрсету және қан қысымын өлшеуге арналған бекеттер қарастырылды.

«Ең алдымен, баршаларыңызды сүйікті елордамыздың күнімен құттықтаймын. Астана - жастардың қаласы. Осыған бүгінгі веломарафонға көптеп қатысқан жастар себеп болып отыр», - деді И. Тасмағамбетов.

Айта кетейік, осы веложорыққа меценаттар, Олимпиада ойындары жүлдегерлері, сондай-ақ отандық эстрада жұлдыздары және қала қонақтары қатысты. Бұдан бөлек, «Астана» велокомандасының атынан бағалы лоттармен бәссауда ұйымдастырылды.

Бәссауда мен веложорықтан жиналған қаржы мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында спортты дамытуға, елордалық «Қайсар» спорт клубын қолдауға бағытталмақ.

Белгілі болғандай, бұл спорттық шараға қатысу үшін 1,5 мыңнан астам адам тіркелді.