Астанадағы Қазақ агротехникалық университеті «Ең үздік жаңажылдық безендіру» қалалық байқауының бас жүлдесін иеленді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп, Сәулет және қала құрылысы,сондай-ақ Ішкі саясат басқармаларының, аудандық әкімдіктер мен «Елорда-Жарнама» ЖШС-ның өкілдерінің құралған қазылар алқасының қарауына түрлі аталымдар бойынша 47 компания мен ұйымнан барлығы 70 өтініш келіп түскен.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті иеленді. Айта кетейік, бас жүлде - «Бәйтерек» мүсіншесін оқу орнының ректоры Айтбай Бұлашевқа Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев желтоқсанның 25-і күні Тәуелсіздік сарайында өткен Жаңажылдық кеште салтанатты түрде табыс еткен болатын.
Бүгін қала әкімі байқауға белсенді қатысушыларды, сондай-ақ «Жарықпен үздік безендіру», «Ішкі интерьерді үздік безендіру» және «Мерекелік безендірудегі жаңашылдық пен даралық» аталымдары бойынша жеңімпаз атанған «Риксос Президент Астана» қонақүйін, «Милана» гүлдер үйі мен «Керуен» сауда ойын-сауық орталығын дипломдармен марапаттады.
Сый-сияпаттармен қоса, байқау жеңімпаздарына қаржылық демеушілердің атынан қомақты ақшалай сыйақылар табыс етілді. Мәселен, бас жүлде иегеріне - 3 миллион теңге, аталымдар бойынша үш жеңімпазға - 1 миллион теңгеден берілді.