Астанадағы Қазақ агротехникалық университеті Наурыз мейрамын жоғары деңгейде атап өткен ЖОО аталды
АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанадағы Қазақ агротехникалық университеті Наурыз мейрамын жоғары деңгейде атап өткен «ең үздік ЖОО» аталды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ағымдағы жылдың 15-22 наурызы аралығында Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қалалық мекемелер арасында «Армысың, әз-Наурыз!» дәстүрлі байқауы өтті.
Астаналық Тілдерді дамыту басқармасының өкілі Гүлбадан Түгел бастаған қазылар алқасы аталмыш уақыт аралығында 10 жоғары оқу орнында болып, Наурыз мейрамына арналған іс-шараларды тамашалады.
Қазылар алқасы бағалау кезінде, мейрамды атап өтудегі халықтың шынайы көңіл-күйіне, оған келер буын - жастардың көптеп тартылуына, сахналық қойылымдардан алыстап, думанға көпшіліктің араласуына назар аударды.
Байқау уақыты аяқталғаннан кейін комиссия мүшелерінің отырысы өтіп, жеңімпаздар анықталды. Мәселен, байқаудың бас жүлдесіне С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті лайық деп танылды. Одан кейінгі орындарға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Астана» медициналық университеттері ие болды.
Айта кетейік, байқау аясында сондай-ақ, Наурыз мейрамын ең үздік атап өткен аумақтық, құрылымдық және медициналық мекемелер, колледждер мен мектептер, кітапханалар мен балабақшалар анықталды.