Астанадағы Қазақ агротехникалық университетінде көркемөнерпаздар байқауы өтті
АСТАНА. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Біздің университет С.Сейфуллиннің атында» атты факультетаралық көркемөнерпаздар байқауы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Үш күнге созылған өнер бәсекесі кеше гала-концертпен аяқталды. Оған студенттер, жас оқытушылар мен профессорлық құрамнан құралған университеттің 8 факультетінен бір мыңға жуық азамат қатысты. Әдетте, аға буын ұстаздар хормен ән айту аталымында ерекшеленеді. Бұл жолы олар көңілділер және тапқырлар сайысында, айтыс және тағы басқа аталымдар бойынша да өнерлерін көрсетті. Тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Александр Майердің айтуынша, ҚазАТУ қабырғасында осымен 40-жылға жуық уақыт бойына өткізіліп келе жатқан көркемөнерпаздар байқауының басты мақсаты - жастардың бойдағы талаптарын шыңдау, күнделікті оқудан көңілді сергітіп, ұстаз бен студенттің арасын жақындата түсу. Биылғы факультетаралық дода қазақтың ұлы тұлғасы С.Сейфуллинді еске алуға, оның өмірбаяны мен еңбектерін жастар арасында кеңінен насихаттауға арналғандықтан, үшкүндік концерттік қойылымдар барысында ұжымдар ақынның өзінің және оған арнап жазған өлеңдерді мәнерлеп оқып, әндерін шырқады. Оның өмірі мен туындыларынан театрландырылған көріністер қойды. Сондай-ақ қазақ және өзге ұлт халықтарының аспаптарында ойнады, жеке және серігімен бірге би билеп, дәстүрлі және қазіргі заманғы әндер шырқады. Сонымен қатар цирктік өнерлерді де ортаға салды. Әділқазылар алқасы концерттік бағдарламаны ұжым болып ұйымдастыру, оны жүргізу мен қатысушылардың сахналық киімдерін де бағалады. Қазылар алқасының мүшесі әнші, композитор Қайрат Баекенов жастар қашан да тың идеялардың бастамашысы болатынын айта келе, олардың Қайрат Жүнісовтың «Сәкенге арнау» атты өлеңіне жазған өзінің әнін бұдан былай хормен орындауға ой тастағанын жеткізді. Байқаудың нәтижесінде бірінші орынды техникалық факультет, екінші орынды жерге орналастыру факультеті иеленді, ал үшінші орынды ветеринарлық медицина және агрономиялық факультеттер өзара бөлісті. Ұжымдар қомақты қаржылай сыйлықтармен марапатталды.