Астанадағы Қазақ агротехникалық университетінде «Ұлы Жеңіс қаһармандарына арналады...» ұранымен көркемөнерпаздар байқауы басталды

АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Ұлы Жеңіс қаһармандарына арналады...» ұранымен факультетаралық дәстүрлі көркемөнерпаздар байқауы басталды.

Астанадағы Қазақ агротехникалық университетінде «Ұлы Жеңіс қаһармандарына арналады...» ұранымен  көркемөнерпаздар байқауы басталды

ҚазАТУ қабырғасында осымен 40-жылға жуық уақыт бойына өткізіліп келе жатқан көркемөнерпаздар байқауының басты мақсаты - жастардың бойдағы талаптарын шыңдау, күнделікті оқудан көңілді сергітіп, ұстаз бен студенттің арасын жақындата түсу. Биылғы факультетаралық дода Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына, 1941-1945 жылдарғы сұрапыл соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгерлердің ерліктерін насихаттауға арналды.

Байқау ережесі бойынша қатысушы 8 факультет, өздері алдын ала таңдап алған ҰОС-ының бір батыры жайында барынша мол мағлұмат беру мақсатында, оның майдан алаңындағы ерлігі туралы шағын театрландырылған қойылым ұсынуы, жауынгерге арналған өлеңдер мен өз арнауларын мәнерлеп оқуы, сол жылдарғы адамдардың көңіл-күйлерін ән мен бимен жеткізіп, 15 адамнан кем болмайтын хормен патриоттық ән орындауы тиіс.

Үш күнге созылатын доданың алғашқы күнінде өнер көрсеткен энергетикалық факультет - Рейхстагта Қызыл туды алғашқы болып желбіреткен Рақымжан Қошқарбаевты, сәулет өнері факультеті - мерген қыз Әлия Молдағұлованы және ветеринарлық факультет - жазушы, партизан, полковник Қасым Қайсеновты таныстырды. Алдағы күндері ұжымдар Т.Бигелдинов, Н.Әбдіров, М.Мәметова, 28 панфиловшылар мен Б.Момышұлы туралы айтатын болады.

Қазылар алқасының мүшесі Ауған соғысының қатысушысы, отставкадағы полковник Александр Гапликов: «Ұлы Жеңістің 65 жылдығын атап өтудің өзі бір үлкен мереке. Ал аға буынның ерліктері талай заман өтсе-дағы еш ұмытылмайтынын, оларды ұрпақтан-ұрпаққа насихаттап, жеткізіп отыру өте маңызды», - дейді.

А.Гапликов, байқауға қатысушылардың мол саны, студент жастардың сол кездегі оқиғаларды терең сезіне отырып, оны барынша әсерлі етіп жеткізуге құштарлықтары, олардың бойында терең патриоттық сезімдер жатқандығын көрсететінін атап өтті.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, бағалы сыйлықтар тарту етілетін болады.