10:51, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
Астанадағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры ауылдық мектеп түлектерінің ата-аналарына үндеу жолдады
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Айтбай Бұлашев дағдарыстан шығудың бес батыл қадамдарының бірі ауыл шаруашылығы секторын дамыту болып табылатындығын және аграрлық университеттер алдында бұл салаға білікті мамандарды даярлау міндеті тұрғанын ескеріп, ауылдық мектеп түлектерінің ата-аналарына үндеу жолдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Үндеуде: «Құрметті ата-аналар! Өз баласына болашақта лайықты азамат болуына мүмкіндік жасайтын сапалы білім беру әр ата-ананың арманы екені даусыз. Дүниежүзілік банк мәліметі бойынша, республиканың аграрлық секторы инвестиция құю тиімділігі жағынан мұнай өндірісінен кейінгі екінші орынға көтерілді. Ауыл шаруашылығын дамытуға Ұлттық қордан алдағы 3 жылда 350 млрд.теңге бөлінбек. Бұл қаржы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалмақ. Мәселен, Астана, Алматы және басқа да ірі қалалар аймағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру; агроөндірістік кешен кластерлерін құру; Қытаймен арадағы шекарада және Қара теңіз портында терминал салу арқылы астықты экспорттау арналарын кеңейту; заманауи 20 тауарлы сүт фермасы мен 6 бордақылау кешендерін пайдалануға беру; халықаралық стандарттарға сай 14 облыстық және 115 аудандық ветеринарлық зертхана салу т. б. жоспарланған. Көзделген жобаларды іске асыру нәтижесінде 260 өндірістік нысан салынып, онда 35 мыңнан астам орта және жоғары білімді мамандар еңбек ететін болады. Сөйтіп, жақын арада аграрлық секторға білікті кадрлардың қажеттілігі артады. Ауыл шаруашылығына қазіргі кездің өзінде мал дәрігерлері, агрономдар, жеміс-көкөніс өсіру мамандары, инженер-механиктер, жерге орналастырушылар, зоотехниктер және тағы басқа мамандар жетіспейді. Сондай-ақ балық шаруашылығы да мамандарға мұқтаж болып отыр. Қазіргі таңда бұл салаға қажетті ихтиологтар, балық өсіруші-технологтар, балық шаруашылығы инженерлері және балық қорғау инспекторларын біз ТМД елдерінен шақыруға мәжбүрміз. Облыстық орман және аң шаруашылығын басқару органдарындағы қызметкерлердің тек төрттен бір бөлігі ғана арнайы білімді мамандар. Еліміздегі 663 аңшылық шаруашылықтарында тек бір-бірден ғана жоғары білімді мамандар жұмыс істейді, ал олардың тек оннан бірінің ғана аталмыш сала бойынша дипломы бар. Сонымен қатар жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде ауыл түлектеріне 30% квота берілетін экономика, биотехнология, азық-түлік өнімдері мен өңдеу өндірісінің технологиясы, стандарттау, метрология және сертификаттау, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету сияқты мамандықтар бойынша да кадрлар тапшылығы орын алған.Өткен жылғы тестілеу нәтижесі бойынша ауылшаруашылық, техникалық және ветеринарлық мамандықтарға түсу үшін 100 ұпайдың 46-сын жинаған талапкерлер мемлекеттік білім беру грантын жеңіп алса, экономикалық, заң мамандықтары бойынша білім грантына 95 ұпай және одан жоғары жинаған талапкерлер ие болды. Білім грантын бөлудегі мұндай заңдылық үстіміздегі жылы да сақталар деген ойдамын», - делінген.Сондай-ақ университет қабырғасында 2009 жылғы маусымның 15-інен шілденің 15-іне дейін ауылдық мектептердің өткен жылдары бітірген түлектерін кешенді тестілеуге дайындау үшін тегін дайындық курстары ұйымдастырылады. Осы кезеңге университеттің жатақханаларынан тегін орын беріледі.Анықтама алу үшін мына мекенжайға хабарласыңыз: Астана қаласы, Жеңіс даңғылы, 62. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, 530, 531 каб., тел.: 8(7172) 317-556, 398-018, e-mail: agun.katu@mail.com, www.agun.kz