Астанадағы Қазақ ұлттық музыка академиясы Қазақ ұлттық өнер университеті мәртебесін алуы мүмкін - А. Мұсақожаева

АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанадағы Қазақ ұлттық музыка академиясының  қаланың сол жақ жағалауында желтоқсанның 16-да ашылатын «Шабыт» өнер үйіне қоныстануы  күтіліп  отыр.

Астанадағы Қазақ ұлттық музыка академиясы Қазақ ұлттық өнер университеті мәртебесін алуы мүмкін -  А. Мұсақожаева

Бұл туралы бүгін журналистерге Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры, профессор Айман Мұсақожаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, құрылыс компаниясы «Шабыт» өнер үйін жоспарланғанындай келесі жылдың шілде айында емес, биыл желтоқсанның 16-да тапсырмақ. Ал Қазақ ұлттық музыка академиясы жаңа ғимаратпен ғана емес, Қазақ ұлттық өнер университеті ретінде қайта құрылып, жаңа бейнеде көрінуі мүмкін. Ректордың бұл ұсынысы Үкіметке жолданған.

«Төрт жыл бұрын академияның жаңа орган залын ашу салтанатты рәсімі кезінде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ұлттық музыка академиясы университет деңгейіне дейін өссін деген тілегін жеткізген болатын. Сол кезде мен өнер университеті ретінде құрылғаны дұрыс болар еді деген едім. Мұнда тек музыкалық мамандықтар ғана емес, соның ішінде балет, режиссура, бейнелеу сияқты өнердің барлық түрлері Астанада топтасар еді», дейді А. Мұсақожаева.