Астанадағы Қазақстан-Ресей университетінде қашықтан білім берудің болашағы талқылануда

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанадағы Қазақстан-Ресей университетінде (ҚРУ) «Үздіксіз кәсіби білім беру жүйесіндегі қашықтан және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» атты VI халықаралық конференция өтуде.

Астанадағы Қазақстан-Ресей университетінде қашықтан білім берудің болашағы талқылануда

ҚРУ-нің атқарушы директоры Әбдіғали Жандығұловтың айтуынша, бүгінгі конференцияның басты мақсаты - ақпараттық-коммуникациялық білім беру технологияларның дамуы бағытындағы мәселелерді белгілеп, оларды ағарту саласына енгізудің болашағын айқындау. «Қатысушылар алыстан білім беру ісін ұйымдастырудың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру және ҚР-нің 2020 жылға арналған Стратегиялық даму бағдарламасы аясында кәсіби білім беру сапасын арттыру мәселелерін талқылайды», деп атап көрсетті А. Жандығұлов.

Оның сөзіне қарағанда, халықаралық конференцияның былтырғы жылы қабылданған ұсыныстары сәтті іске асырылды. «Конференция жұмысы кәсіби білім беру сапасының жоғарылауына жағымды әсер беретініне, ал қашықтан білім беру технологиялары шалғайдағы аудандарда және ауылдарда тұратын түлектердің алдында кең мүмкіндіктер ашатындығына сенім білдіреміз», дейді университет директоры.

Шара аясында Қазақстан, Ресей және Чехия елдерінен келген білім және ғылым министрліктерінің өкілдері мен ғалымдары бірнеше секциялық тақырыптар бойынша талқылаулар өткізеді.