Астанадағы ҚазАТУ-да Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған дәстүрлі факультетаралық көркемөнерпаздар байқауы мәреге жетті
АСТАНА. Сәуірдің 26-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен демалыс күндері Астанадағы Қазақ агротехникалық университетінде «Ұлы Жеңіс қаһармандарына арналады...» ұранымен өткен дәстүрлі факультетаралық көркемөнерпаздар байқауы мәреге жетті.
Сәуірдің 19-21 аралығында өнерлерін ортаға салған 8 факультеттің тартымды шыққан концерттік нөмірлері сенбі күні өткен гала-концертте қайта қойылып, жеңімпаздардың есімдері жарияланды.
40 жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан өнер бәсекесіне әдетте 1 мыңға жуық студент пен профессорлық-оқытушылық құрам қатысып келсе, бұл жолы олар аса белсенділік танытып, қатысушылардың саны 1,5 мыңнан асып жығылды.
«Биылғы көркемөнерпаздар байқауы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналды, үш күнгі додада, мен аға-буын ұстаздардың жоғары белсенділігін байқадым. Бұл оқытушылық құрамның жастардың патриоттық тәрбиесіне бей-жай қарамайтындығынын белгісі. Ал сахналанған әр нөмірде студенттердің жанған жанарына қарап, байқаудың мақсатына қол жеткізілді деп ойлаймын», - деді қазылар алқасының төрағасы, Әлеуметтік мәселелер және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Александр Майер.
Байқау барысында 8 факультет өздері алдын ала таңдап алған ҰОС-ының бір батыры жайында барынша мол мағлұмат беруі тиіс болды.
Жүлделі бірінші орынды, пулеметші батыр қыз Мәншүк Мәметованы ән, би, күйге қосып, оның образын ашу үшін әсерлі театрландырылған қойылым көрсеткен Компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру факультеті жеңіп алды. Бұл факультет сондай-ақ 100-ге жуық адамнан құралған әскери хордың орындауындағы «Жеңіс күні» әнімен көрермендердің көңіліне ерекше әсер қалдырды.
Екінші орынды экономикалық және сәулет өнері факултеттері өзара бөліссе, агрономиялық факультеттің шығармашылық ұжымы үшінші орынды еншіледі.
Барлық жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.