Астанадағы Қазіргі заманғы өнер мұражайында Жеңістің 65-жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Б. Момышұлының 100 жылдығына арналған көрме ашылды
АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Гүлден Рамазан/ - Астана қаласындағы Қазіргі заманғы өнер мұражайында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65-жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған «Ерлік мәңгілік» атты іс-шарасының ашылуы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биыл еліміз Кеңес Одағының Батыры, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, ұлт мақтанышы Б.Момышұлының 100 жылдық мерейтойын тойлауда.
Тарихи-мәдени құндылығы зор көрмеге Қазақ КСР уақытындағы танымал суретшілер - Айша Ғалымбаеваның Б.Момышұлына арнаған картинасы және Николай Гаевтың 1985 жылы дүниеге келген «Панфиловшылар туралы баллада» графикалық сериясындағы - «Артымызда Мәскеу», «Өмір үшін», «Соғыс жылдарында қаза болған батырлар үшін» атты туындылары қойылған.
Соғыс ардагерлері - Карий Абитов, Қондыбай Жексембаев, Алексей Камышный, Леонид Картузов, Василий Муренцов, Раиса Сафоничева және Маргарита Шматченко кештің құрметті қонағы болды.
Сондай-ақ, келушілердің назарына Қазақстан, Ресей, Украина, Беларус, Түрікменстан және ТМД-ға мүше басқа да елдердің белгілі суретшілері 1943-2010 жылдар аралығында жазған 100-ден астам еңбектері, қазіргі заман өнерінің әртүрлі бағытында және жанрында дүниеге келген туындылары, графикалық беттер және мүсіндік жұмыстары ұсынылған.
Іс-шараға қатысқан Астана қаласы мәслихатының хатшысы Владимир Редкокашин, ҰОС ардагерлерін алда келе жатқан мерекемен құттықтап, өзінің тілегін білдірді.
Көрме маусым айының соңына дейін жұмыс жасайды.