Астанадағы кең көшелердің біріне Иорданияның бұрынғы Королі Хусейн бен Талалдың есімі берілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Иорданияның бұрынғы Королі Хусейн бен Талал атындағы көше салтанатты түрде ашылды. Оған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов және Амман қаласының басшысы Акель Бельтаджи қатысты.
«Бүгін біз еңселі елордамыздың тағы да бір айшықты сәтінің куәсі болып отырмыз. Бас шаһарымыз Астана қаласындағы кең көшелердің біріне Иордания корольдігінің бұрынғы басшысы Хусейн бел Талал мырзаның есімі беріліп отыр. Иорданияның жоғары мәртебелі бұрынғы Королі Хусейн бел Талалмен де, бүгінгі басшысы Абдолла ІІ ибн Әл-Хусейнмен де Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары деңгейдегі кездесулері, мемлекетаралық келісімдері бүгінде өзінің оң жемісін беріп келеді. Өзара достық пейіл, әріптестік ұстаным екі ел арасындағы сан салалы байланыстардың нәтижелі жалғасуына кеңінен жол ашты. Соның арқасында ұқсастығы мен ұйқасымы көп екі ел халқы бүгінде саяси-экономикалық және рухани үйлесімді өмір сүруде», - деп атап өтті И. Тасмағамбетов.
Әкімнің айтуынша, 2010 жылы маусым айында Амман қаласында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына көше берілген болатын. Сол айтулы оқиғаның заңды жалғасы ретінде бүгінгі шара екі елдің достығын одан сайын нығайта түспек. Амман қаласының мэрі Акель Бельтаджи бүгінгі қуанышпен жиналған қауымды құттықтай келіп, бұл күннің өзі үшін ерекше үш сипаты бар екенін баса айтты. «Бүгінгі күн үш сипатымен ерекшеленіп тұр. Атап айтсам: ол бүгінгі іс-шара, осы уақыт және осы мекен-жай. Іс-шара дейтінім, бүгін әсем Астананың үлкен көшелерінің біріне Иорданияның бұрынғы Королі марқұм Хусейн бен Талалдың есімі беріліп жатыр. Ал екінші жағынан осы уақыттың таңдалуы өз кезегінде Иордания Хашимиттік Корольдігінің тәуелсіздік күні, сондай-ақ әскерилер күні мен Аса Мәртебелі Иордания Королі Абдулла ІІ ибн Әл-Хусейннің таққа отыруы мерекелерімен тұспа-тұс келіп, өзара үндесіп жатқандығы ерекше назар аудартады. Үшіншісі, мекен-жай дейтінім, бұл жер - Қазақстан Республикасы бізге бауырлас ел, діңгегі тереңде жатқан данышпан халқымен және де елінің ертеңін ойлайтын Ел Көшбасшысымен мақтана алатын ел», - деп атап өтті Амман мэрі. Айта кетейік, Хусейн бен Талал көшесі - бұрын №27 көше деп аталған, жалпықалалық маңызға ие жаңа торапты 6 жолақты көше. Ол Есіл өзені сол жағалауының оңтүстік жоспарланған ауданында орналасқан және Тұран, Қабанбай батыр, Орынбор көшелерін қиып өтеді. Болашақта Ақмешіт және Сауран көшелерімен де қиылысатын болады. Жаңа көше Жәнібек пен Керей хан көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтып, Тұран даңғылын Қабанбай батыр және Орынбор көшелерімен түйістірмек. Көше құрылысы 2009 жылы басталған. Жалпы ұзындығы 2545 м, ені - 22 м.