Астанадағы КО техникалық регламенті талаптарын бұзған салонға автокөлік сатуға тыйым салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Астана қаласы бойынша Техникалық бақылау және метрология комитеті департаментінің жоспардан тыс тексеруі барысында «Медина-2008» ЖШС-де Кедендік одақтың «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметінен.

Астанадағы КО техникалық регламенті талаптарын бұзған салонға автокөлік сатуға тыйым салынды

«Тексеріс барысында Астанадағы «Көрме» орталығында сауда алаңын жалға алып отырған «Медина-2008» ЖШС-інде 68,5 млн теңге сомасындағы Ресейде шығарылған «Lifan», «Renault», «Chevrolet» және тағы басқа маркалы көліктерді көлік құралдарының типін мақұлдау туралы құжаттарсыз сатылу фактісі анықталған», - делінген хабарламада.

Ведомствода көліктік құралдарды сәйкестендірілген құжаттарсыз айналымға шығару Кедендік одақтың 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» регламентін бұзу болып табылатынын еске салды. Тексеріс қорытындылары бойынша, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 415-бабына сәйкес «Медина» ЖШС-де көлік құралдарын сату тоқтатылды, заңды тұлға жауапкершілікке тартылатын болды», - делінген хабарламада.