Астанадағы көлік тұрақтарының 1 пайызы ғана ақылы – әкімдік

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласы көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметі бойынша, елордадағы көлік тұрақтарының 1 пайызы ғана ақылы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанадағы көлік тұрақтарының 1 пайызы ғана ақылы – әкімдік

«Бүгінгі таңда елордада 6916 ақылы автотұрақ енгізілді. Бұл қаладағы жалпы тұрақтардың шамамен 1% құрайды», - деп жазылған басқарманың ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында.

Әкімдіктен ақылы тұрақтардан табыс көретін ақырғы бенефициардың кім екенін сұраған едік.

«Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-нің құрылтайшысы Қазақстан Республикасының азаматы Досыбаев Ч. Б.», - деген жауап келді.

Бұған дейін қала әкімі Жеңіс Қасымбек БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-мен арадағы әлеуметтік-жеке меншік әріптестік келісімшарт, ақылы тұрақтардың орналасқан жері, тарифі қайта қаралатынын мәлім еткен болатын.

Басқарма жауабында тариф пен ақылы тұрақтардың қызмет уақыты әлі қаралып жатқаны, түпкілікті шешім қабылданбағаны айтылған.