Астанадағы көлікті айдап әкетушілер Беларусь аумағында ҚР мен РФ-ның азаматтарын өлтіргендерін мойындады

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Астана қаласы ІІД-нің «Алматы» аудандық ІІД-іне 16 қаңтар күні тұрғын үйдің ауласынан «Тойота Хайландэр» көлігі айдап әкетілгені туралы хабарлама келіп түсті.

Астанадағы көлікті айдап әкетушілер Беларусь аумағында ҚР мен РФ-ның азаматтарын өлтіргендерін мойындады

Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, оқиға орнына шыққан полиция қызметкерлері түнгі уақытта көліктің иесін үш белгісіз адамның ұрып-соғып, одан кейін оның көлігін айдап әкеткендерін анықтады.

Жедел-іздеу шараларын өткізу кезінде полиция қызметкерлері көлікті мініп кеткен тұлғаларды анықтап, ұстады. Олар Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының 1982, 1985 және 1994 жылғы тумалары болып шықты.

Тергеу кезінде олар көлікті айдап әкеткендерін мойындады. Бұдан басқа, ұсталған азаматтардың екеуі 2012 жылдың желтоқсан айында Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласында Қазақстан Республикасының азаматы мен оның ресейлік досын өлтіргендерін мойындады.

Ұсталған азаматтар Астана қалалық ІІД-нің уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.