Астанадағы конференцияда түркі тарихы мәселелері талқылануда

АСТАНА. Мамырдың 23-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, түркітанушы-ғалым Қойшығара Салғараұлының 70 жас мерейтойы мен шығармашылығының 50 жылдығына арналған «Түркі тарихының құндылықтары: зерттеу, жариялау және елдік байыптау» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция басталды,

Астанадағы конференцияда түркі тарихы мәселелері талқылануда
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елімізге белгілі ғалым-жазушылардың қатысуымен өтіп жатқан ғылыми мәжілісте Қ.Салғараұлы шығармашылығының танымы мен тағылымы, оның еңбектеріндегі түркі тарихын зерттеудің жаңа кезеңі және басқа да тарих саласындағы мәселелер талқылануда. «Бүгінгі конференцияның жөні бөлек, өзіндік ерекше мәні бар. Конференцияға арқау болатын өзекті мәселелердің бірі - түркі халықтарының тарихындағы құндылықтар мен ақтаңдақтар мәселесі болса, осы күрделі проблеманы бір ғана зерттеушінің, есімі елімізге кеңінен танымал, университетіміздегі белгілі ғалымдардың бірі - Қойшығара Салғараұлының еңбектері арқылы ғана сөз етуді және оны ғалымның жетпіс жылдық мерейтойымен орайластыра өткізуді жөн көрдік», - деді конференцияның ашылу салтанатында университет ректоры Б.Әбдірайымов.Бүгінгі мәжіліс аясында Қ.Салғараұлын 70 жас мерейтойымен ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және тағы басқа азаматтар құттықтап, өздерінің жылы лебіздерін жолдады.