Астанадағы көпірлер жаңартылып, жаңа келбет берілді

АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - Елорда көпірлері қаламыздың жаңа келбетінің нышаны болып табылады. Олар көлік ағынын азайтып, Есіл өзенінің оң және сол жағалауларын байланыстырып тұр.

Астанадағы көпірлер жаңартылып, жаңа келбет берілді

Бірнеше жылдан бері «Сарыарқа» мен М-2 көпірлеріне көп салмақ түсуде, бұл тірек конструкцияларының және жол жабындарының тозуына әкелді.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының astana.kz сайтына хабарлауынша, көпірлерді жөндеу қалалық сәулетті ерекшелендіріп қана қоймай, көпір өткелдерінің сенімділігі мен қауіпсіздігін де арттыра түседі.

Ұзындығы 220 м «Сарыарқа» көпірінде 440 метрлік жол бойындағы діңгектер ауыстырылып, гранитпен қапталды. 544 метрлік болат қоршау қанаттары және 20 сыртқы жарықтандыру тіректері шойынға ауыстырылады. 6 мың шақырымға жуық асфальтбетон жабыны жаңартылды. Ведомствоның атап өтуінше, көпірде декоративті элементтермен көру алаңдарын жасау көзделген.

Өз кезегінде, ұзындығы 700 метрлік М-2 көпірін жөндеу жұмыстары кезінде 2160 метрлік жолдың бойындағы діңгектер ауыстырылып, гранитпен қапталды. Сондай-ақ, 1500 метрлік болат қоршау қанаттары және 30 сыртқы жарықтандыру тіректері шойынға ауыстырылады. Көпір құрылыстарының негізгі қасбеттері де өзгереді.

«Көпірлердің сәулет-мүсіндік композициясы қазақ халқының және көшпенділер өркениетінің бай тарихи-мәдени мұрасын жеткізеді. Стилистикалық бейнелер скифтердің декоративтік өнерінің көркем бұйымдарына ұқсайды», - делінген ақпаратта.

«Сарыарқа» көпіріне шыға берісте жағадағы тіреулерге сатымен сәулет-мүсіндік композициялар жасалуда. Әр композицияның орталық элементі шар тәріздес тор стела болып табылады, оның беті қазақ даласындағы флораның суреттерімен безендіріледі. Шар торлары мен жарықтандыру тіректерінің жармаларындағы ою-өрнектер алтын түске боялады. Бұл скифтердің зергерлік өнерінің бірегей әралуандылығын көрсетеді және елордамыздың Сарыарқада «Алтын далада» орналасқанының белгісі болып табылады. Бұл түс көпірдің «Сарыарқа» атауын да ерекшелей түседі», - деп хабарлады astana.kz сайты.

М-2 көпірінде 4 стела қойылады, олар сәулет-қала құрылысы қызметін атқарады, сондай-ақ, терең тарихи-мәдени мәнге ие.

«Көпірдің екі жағынан тіректерге стелалар қойылады. Көпірге жақындаған кезде бұл композиция Астананың орталық бөлігіне жалпы салтанатты кіре беріс ретінде болады», - делінген ведомство ақпаратында.

Стеланың барлық құрамдас элементтері скиф дәуіріндегі қолданбалы өнер туындыларына ұқсатып жасалған. Оның беті мүсіндік тормен өрнектеліп, алтын түске боялады. Бұл да скифтердің зергерлік бұйымдарымен ассоциацияланады. Жақтау қоршаулары киіктің басы бейнеленген шамдармен безендіріледі.