Астанадағы «Көркем» тұрғын үй кешеніндегі оқиғаға қатысты алдын-ала болжам айтылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық еңбек инспекциясының өкілдері «Көркем» тұрғын үй кешенінде болған оқыс оқиғаға қатысты алдын-ала болжамдарын жариялады.
Он сегіз адамның зардап шегуімен аяқталған құрылыс алаңындағы бақытсыз жағдайға құрылыс сатысы бекітпелеріндегі ақау себеп болуы мүмкін.Басқарма басшысы Қайрат Ысқақовтың айтуынша, құрылыс сатыларының пайдалану мерзімі өтпегенімен, олардан ақау табылыпты, деп хабарлайды Жетінші арна. «Қазір арнайы комиссияның сараптама қорытындысы дайын емес. Бірақ алдын-ала болжамдар бойынша апатқа құрылыс сатыларындағы бекітпелердің ақауы себеп болуы мүмкін. Біз қорытынды шыққаннан кейін істі экономикалық сотқа жібереміз. Мердігер мекемеге жазаны сот тағайындайды», - деді қалалық Еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Ысқақов. Естеріңізге сала кетейік, 25 сәуір күні елордадағы «Көркем» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында биіктіктен құлаған 18 адамның 11-і ауруханаға жатқызылған болатын.