Астанадағы күрделі жөндеуден өткен тұрғын үй кешенінде коммуналдық төлемдер жағынан елеулі өзгерістер бар

 АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева бастаған бір топ депутат Күйші Дина көшесіндегі 37-көппәтерлі тұрғын үйде болды.

Астанадағы күрделі жөндеуден өткен тұрғын үй кешенінде коммуналдық төлемдер жағынан елеулі өзгерістер бар

ҚР Парламенті Мәжілісінің арнайы уақытша комиссиясының бұл көшпелі отырысы 2012 жылы 7 желтоқсанда өтетін «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жай-күйі және перспективалары туралы» тақырыбындағы парламенттік тыңдалымға дайындық жұмысының бір бөлігі болып табылады. Комиссия мүшелері пәтер иелерінің басқарушы және сервистік компаниялармен, Тұрғындар кеңесі институтымен өзара іс-қимылы моделімен танысты.

Күйші Дина көшесі 37-үй мекен-жайындағы көп пәтерлі тұрғын үйге терможаңғырту арқылы күрделі жөндеу жүргізу жөніндегі ілкімді жобаны Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкесмодельдік«Астана-Қызмет» басқарушы компаниясы іске асырды. «Жоба үйге күрделі жөндеу жүргізу кезінде энергетикалық тиімді және ресурс үнемдеу технологияларын пайдаланудың пайдалы екендігін көрсету, жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру мен оларға мониторинг жүргізу жүйесін құру, кондоминиум объектісін тиімді басқару механизмін құру, тиімді меншік иесін қалыптастыру құралдарын әзірлеу мақсатында қолға алынған болатын», - дейді компания өкілдері.

Күрделі жөндеуден өткен тұрғын үйге есептегіштерден деректерді қашықтықтан алу қамтамасыз етілетін диспетчерлеу жүйесі енгізілген, үйге ортақ жылуды есепке алу аспабы мен автоматтандырылған жылу пункті орнатылған және осыған байланысты тұрғындар осы жылыту маусымының басынан бастап жылу тұтынуды 25%-ға дейінүнемдей алады.

Ең маңыздысы, жобаның арқасында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес көп пәтерлі тұрғын үйлерді кәсіби басқару және сапалы күтіп ұстау алгоритмі іс жүзінде қалыптасты. Қалың бұқара халыққа тарату үшін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерінің өзара іс-қимылы моделі» оқу құралы әзірленді.

Тұрғындар үйді жөндеу жұмыстары үшін 15 жыл (Бағдарлама бойынша 1 шаршы метрге - 48 теңге 54 тиын) төлем жүргізетін болады. Мысалы, көлемі 86,5 шаршы метр болатын 4 бөлмелі пәтерге ай сайын 4200 теңге төленеді. Шығындардың шамамен үштен бірін тұрғын үй көмегі ретінде мемлекет төлейді. 2012 жылы Күйші Дина көшесіндегі 37-үйдің тұрғындары 20,5 млн. теңге мөлшерінде тұрғын үй көмегін алды.

«Заманауи энергия үнемдеу технологияларының арқасында жөнделген үйде коммуналдық төлемдер және жылу тұтыну бойынша үнем 70%-ға дейін жетеді. Тіпті, қазір-ақ пәтер иелері жылу үшін ақы төлеу туралы түбіртектеріне қарап, үйге жүргізілген жөндеудің тиімділігін сезіне бастады», - дейді Модельдік «Астана-Қызмет» басқарушы компаниясы өкілдері.

Мәселен, терможаңғырту жүргізілмеген үйлердің тұрғындары алаңы 35,7 шаршы метр болатын 1 бөлмелі пәтер үшін жылуға 1343 теңге төлеулеріне тура келсе, Күйші Дина көшесіндегі 37-үйдің пәтер иелері алаңы 58,8 шаршы метр болатын 3 бөлмелі пәтер үшін жылуға айына небәрі 559 теңге ғана төлейтін көрінеді.

Модельдік «Астана-Қызмет» басқарушы компаниясы бұдан әрі де үйдің жай-күйін қадағалап, оған ортаға ешқандай делдал салмастан, тікелей қызмет көрсететін болады.