Астанадағы марафонға 5 мыңға жуық адам қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2009 жылдан бері өткізіліп жатқан Астана марафоны биыл ең ауқымды шаралардың бірі болмақ. Шараға қатысушылар 10, 21,1 және 42,2 шақырым қашықтықтарға жүгіреді. Бұл туралы елорданың ресми сайты хабарлады.

 Астанадағы марафонға  5 мыңға жуық адам қатысады

Биыл марафонға үкімет мүшелері, елшіліктер мен халықаралық және республикалық компаниялардың қызметкерлері, сондай-ақ, таяу және қиыр шетелдің атлеттері қатысады.

Марафонға қатысу үшін astana42k.com ресми сайтында онлайн режимде немесе Кроссфит Астана клубтарында тіркелу керек. Жарна сомасы - 3-7 мың теңге шамасында.

Айта кетейік, қатысушылар бірнеше санат бойынша тіркеледі. Мысалы, құрамында кемінде 5 адам бар әуесқой және спорт клубтарына 20% жеңілдік жасалады.

Жиналған қаржы қайырымдылық қорларға аударылады. Жалпы алғанда, 2009 жылы марафон өткізудің нәтижесінде 24 млн теңгеден астам қаржы жиналды. Сондай-ақ, қаржының бір бөлігі ауыл жастарын спортпен шұғылдануға тартуға бағытталған OneSteppeBeyond қайырымдылық жобасын іске асыруға жұмсалады.