Астанадағы медициналық call-орталық 217 мың адамға қызмет көрсеткен
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы әкімдігі Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында үш жыл бұрын 1430 бірыңғай нөмірімен жұмыс істейтін байланыс орталығы қосылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Осы жылдың басынан бастап бірыңғай медициналық байланыс орталығына 217 мыңнан астам адам хабарласқан.
Қала тұрғындары өздерінің медицина саласы бойынша туындаған барлық сұрақтарына толық ақпарат алуға барынша жағдай жасалуда. Осы талапқа сай болу үшін бірыңғай медициналық байланыс орталығы тәулік бойы қызмет көрсетеді.
«Көптеген хабарлама, шағымдар бірден медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерінің сапаны бақылау бойынша орынбасарларына бағытталады. Біздің міндетіміз - тез арада шешу», дейді мекеме координаторы Ләззат Рысбекова.
Оның айтуынша, операторлар бір мезетте 60 қоңырауды қабылдай алады. Олар мынадай қызметтер: дәрігердің қабылдауына жазылу және кеңес алу, дәрігерді үйге шақыру, ақпарат беру, түскен ақпаратты бақылауға қою. Сондай-ақ, көмекшілер консультация береді және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері, міндетті медициналық сақтандыру қоры бойынша кеңес береді. Сонымен қатар, халықты скринингтік тексерулер мен профилактикалық тексерулерден өтуге шақырады.
«Бізге көбінесе дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және қызмет көрсету бойынша хабарласады. Біз кез келген сұраққа басқа мекемелерге жылжытпай жауап беруге тырысамыз. Барлық өтініш арнайы белгіленген тәртіп бойынша тіркеледі. Түрлі адамдар бар ғой, кейбірі ашулы, бірі стресте хабарласады, барлығына көмектесуге тырысамыз. Қоңырау шалушының сұрағына және көңіл-күйіне байланысты бір адамға қызмет көрсету уақыты 7 минуттан асып кетуі мүмкін», дейді медициналық байланыс орталығының аға операторы Елена Воробьева.
Қазір Call-centеrде - 41 қызметкер бар. Олардың қатарында 29 оператор, 9 кеңес беруші дәрігер, 1 супервайзер және басшы бар. 1430 номеріне бір тәуліктте 2 мыңға тақау хабарлама түседі, сонда 1 операторға 200 қоңыраудан шығады. Операторды жұмысқа қабылдағанда ең басты талабымыз төзімділік.
«Қазіргі кезде бізде 19 оператор жұмыс жасауда, 4 дәрігерлік орын бар, біз оны қоңыраулардың түсуіне байланысты үлкейтеміз. Кей уақыттарда өте көп қоңырау түседі. Сол кездерде біз хабарласушыға тез және сапалы қызмет көрсету үшін қызметкерлердің қатарын көбейтеміз», дейді Л. Рысбекова.
Бірыңғай медициналық байланыс орталығында сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін 7 операторлық бекет жұмыс атқарады, ал сағат 8:30-ден 16:30 дейінгі қарбалас уақытта 13 бекет жұмыс атқарса, сондай-ақ бір бекет тәулік бойы жұмыс жасайды.
Қазіргі күні өтініштердің 99 % телефон арқылы түседі. Орталық әлеуметтік желілер арқылы да қызмет көрсетуді ойластыруда. Орталықтың Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде парақшалары бар.