Астанадағы медициналық туризм: 65 мың науқас өңірлерден келіп емделді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова елордадағы медициналық ұйымдар қызметі бойынша есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қарамағында 37 медициналық ұйым  жұмыс істейді.

«Қала қарқынды дамып келеді, жыл сайын елордада 30 мыңға жуық нәресте дүниеге келеді. Жыл сайын ішкі медициналық туризм шеңберінде өзге облыстардан келетін 65 мыңнан астам науқас сапалы ем алады. Қазіргі уақытта Астанада емделетін әрбір 5-ші науқас - өзге өңірлердің тұрғындары.

Денсаулық сақтауды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар арқасында өмір сүру ұзақтығының айтарлықтай өсуіне қол жеткіздік. Бүгінде елордада өмір сүру ұзақтығы 76,2 жасты құрады, бұл республика бойынша  ең жоғары көрсеткіш», - деп атап өтті Ә. Рүстемова Астана әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

20 жылда Астанадағы туу көрсеткіші 2,3 есеге өскен және  өлім деңгейі 2,8 есеге төмендеген. Сондай-ақ, бұл уақытта қалада туберкулезден көз жұмғандар саны 18,6 есеге, миокард инфарктінен қайтыс болғандар - 4 есеге, ана өлімі - 11,8 есеге және сәби өлімі - 3,5 есе төмендеді.

«2018 жылдың бірінші жартысында Басқармаға қарасты ауруханаларда 25 мыңнан астам пациент емделіп, 4500-ден астам ота жасалды, оның ішінде 1691 отада жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетілген. «SMART Meдицина» жобасын іске асыруда да белсенді жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Құжаттаманы цифрлау бойынша 800 мыңнан астам медициналық құжаттар электрондық форматқа көшірілді», - деп атап өтті Ә. Рүстемова.

Басқарма өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта Астана тұрғындарының 93% электронды денсаулық паспортына ие болды. Бұл паспорттар болашақта жаңа деректермен толығып, науқас туралы барлық ақпаратты сақтайтын болады.

Соңғы жаңалықтар