Астанадағы мектеп асханаларын тексеру: Бірқатар тасымалдаушымен келісімшарт үзілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектеп асханаларын азық-түлікпен қамтамасыз ететін бірқатар тасымалдаушымен келісімшарт жаңа жылдан бастап ұзартылмайтын болды. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында Астана қаласының білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тексеруі және біздің ведомствоаралық сараптама тобының мониторингіне сәйкес, анықталған ескертулердің нәтижесі бойынша 14 мектепте тасымалдаушылармен келісімшарттың ұзартылмайтыны туралы шешім қабылданды. Яғни, жақын арада жаңа тасымалдаушыларды анықтау үшін конкурс өткізіледі. Осындай жұмыстар тағы 27 мектеп бойынша жүргізілуде. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментімен бірге тексерулер жүргізіліп, ол мектептер бойынша бірқатар ескертулер жасалды. Енді ол мектептерге қатысты қазірдің өзінде тасымалдаушылармен келісімшарттарды ұзартпау туралы шешім қабылданғалы жатыр. Яғни, ол мектептер жаңа жылдан бастап жаңа тасымаулдаушыларды іздейді», - дейді ол.
Әнуар Жанғозиннің айтуына қарағанда, мектептегі тамақтану тексеру жұмыстарды, ең алдымен, ата-аналар кеңестерінің, қала тұрғындарының қолдауымен жүзеге асырылған. Құқық бұзушылықтар анықталғаннан кейін қалалық басқарма қазір қандай бағытта жұмыс істеу керектігін айқындаған. Сондай-ақ, жаңа конкурсты жариялау кезінде назарға алу үшін тасымалдаушылардың ішкі рейтингі де әзірленген.
«Азық-түлік өнімдерін тасымалдаушыларды анықтау жұмысын реттейтін ҚР Білім және ғылым министрлігінің №717 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Жақын арада ол бұйрықтың ресми түрде жариялануын күтіп отырмыз. Жаңартылған тәртіп бойынша, біз бұрынғыдай әр мектеп және әр директор бөлек-бөлек конкурс жариялаған амал-әдістен бас тарттық. Жаңа ережелерге сәйкес, байқау орталықтандырылған тәртіпте жарияланады. Яғни, бірнеше мектепті лоттарға біріктіруге болады. Осының арқасында бәсекеге қабілетті тасымалдаушылар айқындалады. Жаңа ережелер сондай-ақ МЖӘ арқылы бәсекелестікті жүзеге асыру мүмкіндігін белгіледі. Кейінірек осы мектептер үшін балаларды тамақтандыру орталықтандырылған тамақ комбинаты арқылы жүзеге асырылады», - дейді басқарма басшысы.