Астанадағы мектепте білім беру жүйесін жетілдіруге негізделген «электрондық оқыту» ілкі жобасы таныстырылды

ТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Астанадағы №53 мектеп-лицейінің базасында енгізілген «электрондық оқыту» ілкі жобасының таныстырылымына қатысты.

Астанадағы  мектепте білім беру жүйесін жетілдіруге негізделген «электрондық оқыту» ілкі жобасы таныстырылды

«Осы «электрондық оқыту» білім беру жүйесін енгізіп отырмыз. Енді оқушылар ноутбуктер мен планшеттік компьютерлер арқылы оқу үдерісіне қатыса алады. Биыл біз электрондық жүйеге Қазақстан тарихын толығымен енгіздік. Ең бастысы, балалар қай жерде жүрсе де өзінің компьютері арқылы қежетті пәні бойынша сабағын жасай алады»,-деді ведомство басшысы.

Министрдің сөзіне қарағанда, сонымен қатар ата-анасының балалардың күнделігі мен олардың оқу үлгерімі, сабақ кестесі жайында интернет желісі арқылы өз баласына бекітілген арнайы логинді теріп, барлық ақпаратты алу мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, осы «e-learning» атты электрондық жүйе еліміздің Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысындағы 44 білім беру орындарына енгізілді.

Б. Жұмағұловтың айтуынша, биыл бұл жүйеге 2,5 млрд. теңге бөлінді. «Алдағы жылы осыған 500-ден астам мектепті қосатын болдық. Яғни, бұл бағытта игерілетін қаржы 10 есе өсетін болады»,-деді ол.

Бұл жүйеге бастапқы кезде ірі қалалар, облыс орталықтары, содан кейін аудан орталықтары мен ауылдар да қосылады деп жоспарланып отыр.