Астанадағы мектептің бірінде 36 жыл бойы психикалық есепте тұрған азамат сабақ берген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының прокуратурасы 1980 жылдан бері елорда дәрігерлерінің есебінде тұрған азаматтың жалған анықтама жасап қала мектептерінің бірінде сабақ бергенін анықтады. Қалалық прокуратурасының наразылығы бойынша білім беру саласында жұмыс істеуге жол берілмейтін психикалық сырқаты бар мұғалім қызметінен босатылды. Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«Астана қаласындағы мектептердің бірінде директордың бұйрығымен 2014 жылы 14 қыркүйекте А. деген азамат тарих және жалпы пәндер оқытушысы ретінде жұмысқа қабылданғаны анықталды.А. деген азамат жұмысқа орналасатын кезде Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 32-бабы 1-тармағының 5-тармақшасы талаптарына сәйкес медициналық анықтама ұсынған, оған сәйкес психикалық жағынан дені сау болған. Алайда, тексеру барысында көрсетілген оқытушының 1980 жылдан бері елорданың медициналық мекемесінде есепте тұратыны анықталды», - деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.

Психиатр дәрігерлерден құралған комиссия  2014 жылы А. деген азаматқа «сирек кездесетін тырысқақ эпилепция» деген диагноз қойған екен. Ал, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығына сәйкес бұндай диагнозы бар адам ұстаздық қызмет атқара алмайды.

«Осыған байланысты қала прокуратурасы Астана қаласы Білім басқармасының атына мектеп директорының А. деген азаматты оқытушы ретінде қабылдау туралы бұйрығының күшін жою туралы наразылық енгізді. Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесі бойынша А. деген азамат қызметінен босатылды», - деп хабарлап отыр дереккөзі.

Бұл адамның жалған анықтама жасатуына қатысты шешім шығару үшін прокуратура істі Астана қаласының Ішкі істер департаментіне жолдады.

Соңғы жаңалықтар