Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «ІІ Наурыз кездесулері» өтеді
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - 16 наурыз күні Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «ІІ Наурыз кездесулері» өтеді.
Бұл туралы аталмыш мектептің баспасөз қызметінен хабарлады.
Шараның мақсаты - оқушылардың биология мен химия пәндерінен білімдерін тереңдету және кеңейту, олардың зерттеушілік дағдыларын дамыту, ғылымға тарту.
Бағдарлама екі күнге созылады. Онда қазақстандық және шетелдік ғалымдар 9-10 сынып оқушыларына ғылыми-танымдық дәрістер оқып, олардың зерттеушілік дағдыларын жетілдіру мақсатында химия, биология пәндері мұғалімдеріне шеберлік сабақтарын өткізеді.
Сонымен қатар, «ІІ Наурыз кездесулері» бағдарламасы бойынша мектеп оқушылары Ұлттық ғылыми ана мен бала орталығында, Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығында, Биотехнология ұлттық орталығында, «ҚазМұнайӨнімдері» АҚ-ның сынақ зертханасында, Санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталығында, Дәрі- дәрмек құралдары мен медициналық тағайындауларды, техникаларды сараптама жасау ұлттық орталығында, «Қазақстандық метрология институты» РММ-да болып, зертханалық жұмыстар жүргізетін болады. Балалар тәжірибелер өткізіп, жүргізілген тәжірибелердің барысын бақылай алады, сонымен қатар аталған ғылым саласын тереңірек зерттеуге мүмкіндік алады.
Наурыз кездесулерін өткізу дәстүрі 2011 жылдың наурызында Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткен іс-шарадан басталды.