Астанадағы ОҚО күндері аясында «Шаншар», «Алдараспан» өнер көрсетеді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Астанада 29 тамыз -3 қыркүйек күндері Оңтүстік Қазақстан облысының күндері өтеді. Өңірдің мәдениеті мен өнерін көрсету аясында 42 шарадан тұратын іс-шаралар кестесі құрылған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Айтулы шара Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениеті мен өнерін, өндірістік-экономикалық мүмкіндіктері мен тауарларын, тарихи-мәдени орындарын, көне қалашықтарын көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ шара барысында оңтүстіктің бренді ретінде танылатын киелі жерлері мен туристік әлеуеттін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы басымдылықтармен ұштастыра отырып, көрсету көзделуде. Жоспарланған 42 шара барысында «Құтты өлке қолөнері» қолөнер шеберлерінің көрмесі, «Түркі елінің түп тамыры - Оңтүстіктен мерейлі Астанаға сәлем!» өнер керуені, «Сәлем Астана, сәлем ЭКСПО-2017!» Оңтүстік Қазақстан облысы өнер шеберлерінің көрмесі, Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Айбары мықты-Ата заң» салтанатты  концертік бағдарламасы, «Оңтүстік жастары шақырады» атты мерекелік концерті ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, «Ұлысымның ұйытқысы-Оңтүстік» ақын, жазушылардың шығармашылық кездесу кеші және «Тұлға, Тәуелсіздік, Тарих», «Жаһан таныған жеті тұлға» кітабының тұсаукесері өтеді. Ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанры айтыс өнерін дәріптеуге арналған «Біз - ЭКСПО-ны жырлаймыз» Халықаралық ақындар айтысы бастау алады.

Тарихи-мәдени орындар, көне қалашықтарын, Оңтүстіктің бренді ретінде танылатын киелі жерлері мен туристік әлеуеті туралы Оңтүстік өңірінде 800-ге жуық киелі жерлер орналасқандығын, әулиелі, тарихи жерлерге бай екендігін таныстыру мақсатында "Толағай", "Қазақстан барысы", "Қазақстан бренді", "Отырар дастаны", "Мұңлық - Зарлық", "Нәурізек" анимациялық көркемфильмдері мен видеороликтері көрсетіледі.

Шараға өңірдің тарихи құндылығы мен ерекше мәдени келбетін дәріптейтін ең көрнекті жәдігерлер орналастырылады.

Сондай-ақ  қазақ күресінің дарабозы атанған Қажымұқан бабамыздың өміріне, палуандығы мен патриоттығына куә болар фотосуреттер мен тарихи қысқа метражды деректі фильмдер әлемдік сайыстардан жеңіп алған орден-медальдары және 74 жасында Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойына киіп барған киімдері, жаттығу кезінде пайдаланған кір тастары елорда жұртшылығының назарына ұсынылмақ. 

Сонымен қатар, жүз мыңнан аса құнды жәдігері бар Оңтүстік музейлері қазынасында өзіндік орны мен тарихы өзгеше дүние - қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының қылышы да халықаралық көрме қонақтарына ұсынылатын болады.

«Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткен фотосуретшілер кездесуінде Оңтүстіктің киелі жерлеріне қатысты түсірілген фототуындылардан арнайы көрме, өңірдің тарихи, киелі жерлерінен де мағлұматтар беріледі.

Оңтүстік Қазақстан облысының өндірістік-экономикалық мүмкіндіктері мен тауарларынан құралған ауылшаруашылық өнімдері мен тауарларының жәрмеңке көрмесі ұйымдастырылады. Шарада «Оңтүстіктің қауын-қағы», «Қазығұрттың қымызы», «Шардараның балығы», «Сарыағаштың шипалы суы», «Түлкібастың алмасы» атауларымен Оңтүстік өнімдерін ұсынылып, нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан саудаланатын болады.

Жалпы шараның қорытындысы 3 қыркүйек күні сағат 18.00-де ЭКСПО қалашығының Амфитеатрында Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан өнер жұлдыздары Жұбаныш Жексенұлы, Сейфуллин Жолбарыс, Алтынай Жорабаева, Заттыбек Көпбосынұлы, Маржан Арапбаева, Нұрлан Өнербаев сияқты әншілер мен «Шаншар», «Алдараспан», «Шымкент-шоу» әзіл-сықақ театрларының қатысумен өтетін гала-концертімен аяқталады.

Соңғы жаңалықтар