Астанадағы оқыс оқиғалардың 95%-ы құрылыс алаңдарында орын алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы оқыс оқиғалардың 95%-ы құрылыс алаңдарында орын алады. Мұның себебі - құрылыс қарқынының күштілігі, мердігердің субмердігер тартуы және жұмысшылардың біліктілік деңгейінің төмендігі. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалында өткен депутаттық фракция отырысында қалалық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ермек Оспанов мәлім етті.
«Қазіргі кезде Астанада өндірістік жарақат алу жағдайлары көбейіп кетті. Бұл мемлекеттік органдардың да, қоғамның да алаңдаушылығын тудыруда. 2014 жылдың басынан бері Астанадағы құрылыс алаңдарында 45 оқыс оқиға болып, 65 адам зардап шекті. Олардың 14-і қаза тауып, 44-і түрлі дене жарақатын алды. Оқыс оқиғалардың 95 пайызы құрылыс алаңдарында орын алып жатыр», - деді Е. Оспанов.
Оның айтуынша, өндірістік жарақат алудың негізгі себебі - құрылыс алаңдарындағы жұмыстардың қарқынды жүргізілуі және қауіпсіздік шараларының толық сақтала бермейтіндігі.
«Сонымен қатар, құрылыстағы оқыс оқиғалардың орын алуына бас мердігердің мемлекеттік лицензиясы жоқ субмердігерлерді жалдауы, ал олардың өз кезегінде құрылыс алаңдарына қауіпсіздік ережелерін қалай сақтауды білмейтін «жабайы бригадаларды» тартуы да үлкен себепкер болуда», - дейді Е. Оспанов.
Оның мәліметінше, Астанадағы құрылыс нысандарында жоғары және орта білікті құрррылысшылардың үлесі 30 пайыздан аспайды. Ал құрылыс мамандығы жоқ және құрылыс алаңына ешбір дайындықсыз келетін жұмысшылар 50 пайыздан асып жығылады.