Астанадағы өңірлердің дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері қыркүйектің 12-інен жалғасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы өңірлердің дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері қыркүйектің ортасынан жалғасады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Астана әкімінің орынбасары Андрей Лукин мәлім етті.
«Былтыр және биыл біз 285 млн. теңгеге 3,5 мың тонна өнім сатып алдық. Тұрақтандыру қорындағы өнімдер нарықтағыға қарағанда Астананың әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының әлеуметтік павильондары мен сауда желілері арқылы 15-20 пайызға арзан саудалануда»,-деді ол.
Белгілі болғандай, қазіргі кезде тұрақтандыру қорында 546 тонна өнім сақталуда, оның ішінде 285 тоннасы күріш, 200 тонна қант, 62 қарақұмық бар.
«Сонымен қатар елордада бүгіне ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізілуде. Бұл жәрмеңкелерге негізінен өндірушілердің өздері тікелей қатысуда. Олардың ұсынып отырған бағалары нарықтық деңгейден 10-15 пайызға төмен»,-деді әкім орынбасары.
Осы күнге дейін 102 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қатысуымен 44 жәрмеңке ұйымдастырылды. Жәрмеңкелер басталғалы 56 млн. теңгенің 471 тонна өнімі сатылды.
Бұдан бөлек, қазіргі кезде өңірлердің қатысуымен қосымша жәрмеңкелер өткізілуде. «Биылғы 12 қыркүйектен бастап еліміздің өңірлерінің жәрмеңкелерін ұйымдастыру жоспарлануда. Осы орайда тиісті келісімдерді қолымызға алдық»,- деді А. Лукин.