Астанадағы Өңірлік хабқа Америкалық мемлекеттік басқару қоғамы қызығушылық тудырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Атланта қаласында өткен Америкалық мемлекеттік басқару қоғамының (ASPA) конференциясы аясында «Мемлекеттік қызметті жетілдіру мақсатындағы әріптестік: Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабқа қатысушы елдердегі үрдістер» атты арнайы сессия өтті.
Онда Хабқа қатысушы елдердегі мемлекеттік қызмет реформасы Америкалық мемлекеттік басқару қоғамының қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сессияның ашылу барысында Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың басқарушы комитеті төрағасы Әлихан Байменов пен ASPA президенті Джэнис Лачанс сөз сөйледі. Әлихан Байменов Хабқа қатысушы-елдердің мемлекеттік қызметін жетілдіруде Америкалық мемлекеттік басқару қоғамымен ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
«Аймақ елдері дамудың өзіндік жолын таңдады, өз басымдықтарын белгіледі және қазір олар - мемлекеттік қызметтің әртүрлі деңгейінде. Олардағы реформалар барысы мәдени-тарихи және әлеуметтік-экономикалық контекст арқылы, әрі саяси жігердің болуымен анықталады. Соған қарамастан, бұл елдерде заманауи мемлекеттік қызмет құру бойынша ортақ ұмтылыс бар», - деді Әлихан Байменов.
«Сессия барысында Орталық Азия мен Кавказ елдері мемлекеттік қызмет жүйесіндегі негізгі үрдістер жайында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппарат жетекшісі Саян Ахметжанов баяндама жасаған болатын. Бұдан бөлек, Әзербайжанның Мемлекеттік емтихан орталығы директоры Вафадар Мисиров, Грузияның мемлекеттік қызмет Бюросының директоры орынбасары Мая Двалишвили, Қырғызстан Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы ректоры Алмаз Насыров баяндады. Ал мемлекеттік қызметтегі жаңашыл бағыттар, оның ішінде тиімді, ашық және есеп беретін мемлекеттік қызметті қалыптастыруды көздейтін электронды басқаруды енгізу бойынша Эстонияның электронды басқару Академиясы өкілі Ханнес Асток өз елінің тәжірибесімен бөлісті», - делінген баспасөз баянында.
Тұтастай алғанда барлық қатысушылар аймақта мемлекеттік қызметті дамыту бойынша әріптестіктің маңызын, тәжірибе және білім алмасудың тиімді тұғырнамасына айналған Хабтың бірегей рөлін атап өтті.
Аймақ елдеріндегі мемлекеттік қызмет жүйесіндегі трансформациялық өзгерістер туралы талқылауларға ТМД, Кавказ және Орталық Азия елдеріндегі мемлекеттік органдар, оқу орындары, халықаралық ұйымдар өкілдері сарапшылар мен практиктер қатысты.
«Хабқа қатысушы елдердегі мемлекетті басқаруды дамыту бойынша Оңтүстік Калифорния университетінің құрметті профессоры Честер Ньюланд, ASPA бұрынғы президенті Стив Кондри, Нью-Йорктің Қалалық университеті профессоры Деметриос Аргириадес, АҚШ-тың жоғарғы мемлекеттік қызметкерлерінің біліктілігін арттыру Федералды институты директоры Флетчер Хонимунд сияқты мемлекеттік басқару саласындағы жетекші ғалымдар мен сарапшылар пікір алмасты. Олардың басым бөлігі мемлекеттік қызметті дамытудағы Хабтың айрықша рөлін бағалаған болатын. ASPA Халықаралық Ассамблеясы қатысушылары да осы мәселеге тоқталды», - делінген
таратылған хабарламада.