Астанадағы опера театрына бір жылда 80 мың көрермен барған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы «Астана Операның» спектакльдеріне 80 мыңға жуық адам барған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда театрының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгінде театрға бару сәнге айналып келеді. Асқақ өнерді бағалайтын жандарды сан алуан репертуар, афишадағы сүйікті әртістердің есімдері қызықтырса, жаңа көрерменді шара басталардан бұрын фойеде пайда болатын ғажайып атмосфера тартады. Әлбетте, бұл айрықша атмосфераны туғызатын көрерменнің өзі – әсем көйлекке жасанған қыз-келіншектер, костюм киген ер азаматтар.

«Еске саламыз, «Астана Опера» театрының әкімшілігі дресс-кодты қатаң сақтауды талап етпейді. Тек қонақтардың сәнді киіммен келгенін, олардың театрда өткізетін бірнеше сағаты мерекедей болғанын қалайды», - делінген ұсынылған хабарламада.

Осы ретте, театрдың баспасөз қызметі әлемдік тәжірибеде дресс-кодтың бірнеше түрі бар екенін еске салғанды жөн көрген.

«Мәселен, опера мен балетке барғанда «қара галстук» стилін сақтаған жөн. Әдетте, мұндай стильде киінген меймандарды түрлі марапаттау рәсімдерінде, тұсаукесерлер мен кинофестивальдерде кездестіруге болады. Әйелдер етегі ұзын классикалық кешкі көйлек немесе коктейль көйлек, өкшесі биік аяқ киім киіп, әшекей бұйымын тағып, қолдарына шағын сөмке ұстаса, ерлерге мұндай шараларда қара смокинг киген жарасады», - дейді театр өкілдері.

Баспасөз қызметі дресс-кодтан бөлек, мәдениеттің тағы бір белгісін еске салады – ол қойылымға кешікпей келу. Кешігу – әдепсіздік саналады.

«Театр тәртібіне сәйкес, қонақтар залда отырған басқа көрерменге, сондай-ақ әртістердің өнер көрсетуіне кедергі келтірмеу үшін үшінші қоңыраудан кейін партерге өте алмайды. Көпшілік спектакльге 10 минут қалғанда өз орындарына жайғасады. Сондай-ақ залға тамақ, су және басқа сусындарды әкелуге болмайды, спектакль басталардан бұрын ұялы телефондар мен дыбыс шығаратын өзге де құрылғыларды өшіріп қою қажет.

Айта кететін тағы бір жайт, ересектерге арналған спектакльдерге балаларды ертіп әкелмеуге кеңес беріледі, себебі «Астана Операның» репертуарында балғын көрермендерге арналған басқа да көптеген қызықты жобалар бар.

Былай қарасаңыз, мұның бәрі қарапайым ережелер секілді көрінеді. Алайда оларды сақтай отыра, барлығымыз көрермен мәдениетін қалыптастырамыз», - делінген театрдың баспасөз баяндамасында.


Соңғы жаңалықтар
telegram